Қауымдастық «Әділет» партиясының өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелері жөніндегі Іскерлік кеңесінің отырысына қатысты
2026 жылғы 2 шілдеде Жылу Оқшаулағыш Материалдарын Өндірушілер Қауымдастығы «Атамекен» ҚР ҰКП Президиумының Өңдеу өнеркәсібі комитетінің шақыруымен өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының өкілдерімен өткен, саланың өзекті мәселелеріне арналған Іскерлік кеңестің отырысына қатысты.
Іс-шара Астана қаласындағы The St. Regis Astana қонақүйінде «Әділет» партиясының Төрағасы Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың төрағалығымен өтті. Отырысқа бизнес қауымдастығының, салалық бірлестіктердің және сарапшылар қауымының өкілдері қатысты.
Талқылаудың негізгі тақырыбы отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау және өңдеу өнеркәсібін дамытуға қолайлы жағдайларды жетілдіру мәселелері болды. Қатысушылар Қазақстанда заманауи өндірістерді құру және индустрияландыру саясатын іске асыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Сонымен қатар, отандық өндірушілердің тиімді дамуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қолдау мен реттеудің қолданыстағы тетіктерін одан әрі жетілдіру қажеттігі айтылды.
Отырыс барысында мынадай мәселелерге ерекше назар аударылды:
-отандық тауар өндірушілердің мүдделерін қорғау;
-адал бәсекелестікті қамтамасыз ету;
-отандық тауар өндірушілер тізілімін жүргізу тетіктерін жетілдіру;
-отандық өнімнің қадағалануын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік ақпараттық жүйелерді интеграциялау;
-жүргізілген салық реформасын ескере отырып, салықтық реттеу тетіктерін жетілдіру;
-еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктемені төмендету;
мемлекеттік сатып алу жүйесінде отандық өндірушілерді қолдау шараларын кеңейту;
«сұр» импортқа қарсы іс-қимылды күшейту;
офтейк-келісімшарттарды іске асыру тетіктерін жетілдіру және басқа да мәселелер.
Отырыс қорытындысы бойынша «Әділет» партиясының Төрағасы Айбек Арқабайұлы Дәдебай бизнес өкілдері мен салалық бірлестіктер көтерген барлық өзекті мәселелер партияның бақылауына алынғанын мәлімдеді. Жедел шешуді қажет ететін мәселелер мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталатын болса, ұзақ мерзімді ұсыныстар партияның сайлауалды бағдарламасына енгізіліп, Құрылтайда қаралатын болады.
Қауымдастық өнеркәсіптік саясатты жетілдіруге, отандық тауар өндірушілердің мүдделерін қорғауға және Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған сараптамалық және салалық диалог алаңдарының жұмысына белсенді қатысуды жалғастырады.