Қауымдастық Қазақстан Республикасы жұмыс берушілер қауымдастықтарының бірінші ұлттық форумына қатысты
2026 жылғы 18 мамырда Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайы алаңында Қазақстан Республикасы жұмыс берушілер қауымдастықтарының бірінші ұлттық форумы өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы жұмыс берушілерінің ұлттық конфедерациясы «PARYZ» ұйымдастырды.
Форум мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың, салалық қауымдастықтардың, жұмыс берушілер одақтарының және бизнес өкілдерінің басын қосты.
Форум жұмыс берушілер институтын дамыту, еңбек нарығын трансформациялау және мемлекет, бизнес пен қызметкерлер арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Форум бағдарламасы аясында екі панельдік сессия өтті.
Бірінші панельдік сессия:
«Еңбек болашағы және жұмыс берушілер институтын дамыту» тақырыбына арналды.
Қатысушылар еңбек нарығының трансформациясын, жаңа дағдыларды дамыту мен кадрларды қайта даярлауды, халықаралық еңбек стандарттарын, жұмыс берушілер қауымдастықтарын нығайтуды, халықаралық тәжірибе мен үздік практикаларды, сондай-ақ бизнес, мемлекет және қызметкерлер арасындағы әріптестікті талқылады.
Екінші панельдік сессия:
«Әйел жұмыс берушілер» тақырыбында өтті.
Сессия барысында әйелдер кәсіпкерлігі мен көшбасшылығын дамыту, әйелдер бастамаларын қолдау, инклюзивті экономиканы қалыптастыру, сондай-ақ үздік тәжірибелер мен табысты кейстерді қарастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қауымдастықтың форумға қатысуы түрлі салалардың өкілдерімен тәжірибе алмасуға, еңбек нарығын дамыту перспективаларын талқылауға және Қазақстан Республикасындағы жұмыс берушілер мен салалық бірлестіктер арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді.